суббота, 20 февраля 2016 г.

Мен табиғатты сүйемін.

Армысыз, блогәлем! Қалдарыңыз қалай?

Бүгін қоржынымдағы табиғат тақырыбындағы суреттеріммен бөлісемін.

Адам - табиғаттың бір бөлшегі.
Табиғат - жаратылыс пернесі. (Қадыр Мырза Әлі)

Каспий – достық теңізі. Каспий – болашақ. Каспий – арман. Ол – талайлардың бақытының бастауы бола білді , талайлардың  кешегі күндерінің ұмытылмас шақтарына айналды.
(сурет 2015жылы, 6шілдеде түсірілді. Ақтау.)



Көз тартарлық табиғат көрінісі. Жаңбыр. Мен жақсы көретін мезгіл. Қаскелең.



Күз. Қыркүйек. Қаскелең қаласы.



Қыс мезгілі. Дала тұман. Медеу. Аппақ қар. Жүректеріңіз осындай қар секілді аппақ болсын.



Бұл сурет маған ерекше ұнайды. Күз мезгілі. Айнала сап-сары. Алматы облысы, Саян ауылы.


Күз мезгілінде түсірілген сурет. Қаскелең қаласы. Барлықтарыңыздың өмірлеріңіз осы әдемі гүлдей болсын.


пятница, 19 февраля 2016 г.

Менің "жұлдызым"

Менің "жұлдызым"- Махаббат. Суретті өткен жылы "Орталық саябақта" түсіргенмін. Алматы.



Армысыз, блогәлем! Барлықтарыңызға жалынды сәлем жолдаймын. Қалдарыңыз қалай?
 
Бүгінгі блогымды жаңа медиа сабағындағы "жұлдызым" - Махаббатқа арнаймын. Группаластарымыз жеребе таңдау арқылы "жұлдыздарын " анықтапты. Ал "жұлдызым" екеуміз 2-семестрдің алғашқы лекциясына қатыса алмағандықтан, бір - бірімізге "жұлдызбыз".

Ал, таныса отырыңыз. Есімі - Махаббат. 1997 жылы туған. Кітап оқығанды жақсы көреді. Бала кезінен журналистикаға келуді армандаған. Поэзияға жаны жақын.

Көптеген сайыстарға қатысқан Махаббат бір жолы маған өзінің Астанаға барған сапары туралы айтып берді. Ол республикалық "Жарқын болашақ" сайысы, жазушылар бағыты бойынша 8сынып оқитын кезінде Маңғыстау облысы атынан қатысқан. Облыстан өзімен бірге бірнеше оқушы және білім басқармасы тағайындаған жетекші барған. Бір вагонда Махаббаттың  жетекшісі Астанаға "біліктілік арттыру" курсына кетіп бара жатыпты. 

Облыс тағайындаған жетекші өз оқушыларына назар аударып, Махаббат пен Фариза есімді тағы бір қызды шеттетеді екен. Оқушыларына сендер жүлделі орын аласыңдар деп мотивация беріп, оларды жол бойы рухани дайындап барған. Тіпті, "жұлдызымның" жетекшісіне "сенің қызың орын ала алмайтын сияқты" деп айтыпты да.

Олар Астанаға келеді. Сөйтіп, бірнеше күнге созылған байқау да өз мәресіне жеткен. Марапаттау рәсімінде сахна төріне шақырылған жүлделі орын иегерлері қатарында "жетекші шеттеткен" Махаббат пен Фариза бар еді.

Өмірдің өз дегенін істейтініне қарамайсыз ба?! Қалай деуші еді, "Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді."

Одан кейін жетекші: "апайыңнан (мұғалім) мен сүйінші сұрайын. Бұл үлкен жетістік. Қыздар, жумаймыз ба?" (атап өту)- депті. 

Ол өзінің осы оқиғадан соң өмірлік ұстанымын өзгерткенін "қуанышпен" айтты. "Адамдар сен туралы не айтса да, оған мән берме. Сонда ғана жетістікке жетесің."- дейді "жұлдызым".


Иә, өмірде түрлі мінез, адам бар. Бес саусақ бірдей емес. Дегенмен, өмір- бумеранг екенін ұмытпаған жөн шығар.

 Өзіңе тілеген жеңіс пен жетістікті, жақсылықты, өзгелерге де тілей білейік!




четверг, 18 февраля 2016 г.

Мақалаға сараптама.

Сурет блогтың тақырыбына байланысты түсірілді. "Ұлан" газеті.


Армысыз, блогәлем! Қалдарыңыз қалай?
Бүгінгі жазбам мақалаларға арналады. Ендеше, оқи отырыңыздар.

Соңғы сәттегі жарық көріп жатқан мақалалардың көбісі "сайлау", "үгіт науқаны" тақырыптарында жарық көрген. Бұл да заңдылық. Қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселелер. Көш басында "негатив" жаңалықтар да жетерлік: оқ ату, ұрлық, адам жоғалу тағысын тағылар.

Бірақ, менің назарыма kerek.info-да  жарық көрген "Ақтөбелік 8 жастағы қыз Қазақстанның жас дизайнері атанды" деген жаңалық. Ең бастысы, жағымды жаңалық. Сонымен қатар мені қызықтыратын сала. Аяна есімді қыздың жас дизайнер атағын қалай алғандығы, бүгінде бүлдіршін эскиздеріне сұраныс артқандығы туралы жазылған . Маған мақала оқуға жеңіл, кейбір талартарға сай көрінді. Бірақ, мақалада бір сөз бірнеше мәрте қайталанған. 


Кейін Айқын газетінде жарық көрген "Қарттарға "балабақша" қажет пе?" деген тақырып елең еткізді. Содан оқуға кірістім. Кәдімгі балабақша дерсіз?! Қарттарды таңертең 8-де әкеліп, кешкісін 6-да алып кетесіз. Арнайы бағдарламалар бар "кітап оқу", "серуендеу", "сурет салу", тамақ та уақытылы. Ақысы – 60 мың теңге. Мекеме 15адамға арналып ашылған.  Осы сынды мәліметтермен бөліскен тілші өз көзқарасын да білдіріпті.


Жаны жүдеу, көңілі пәс қарияны ақша төлеп, орталыққа апарғаннан ұтарымыз не?
Қарттардың ем қабылдап, денсаулығын күткені дұрыс шығар, бірақ олардың жататын орны балабақша болмауы тиіс. Қарттар үйінен құтылудың  жолы «балабақша» емес. Осы сынды пікірлерін ашық жазған.

Бізге мақалада автор өз пікірін, журналист эмоциясын көрсетпеу керек деп айтты. Журналисте жүрек жоқ деп түсіндірді. Ұлт, дін жоқ сізде. Сіз қоғамды ақпаратпен қамтамасыз ететін мамансыз. Бары сол деп үйретті.  Дәл осы ережеге сүйенсек, жоғарыда айтылған пікір үлкен қате болып саналады. 

Автор тек қана жаңалығын жазып, мәліметті толық беру керек еді. Оның өз ойын білдіргені ұнамады. Тақырып та тым өрескел көрінді. Ал, детальдар, маңызды мәлімет толық айтылған.

Журналистикаға "кеше" келгендіктен, бұлай айтуға тиісті емес шығармын. Бірақ, мен өз үйренгеніммен бөлістім. 








Таксист алған сыйлық.


Армысыз, блогәлем. Қалайсыздар?
Бүгінгі жазбамда таксист алған сыйлық туралы айтқалы отырмын.

Ақпан айының бесі күні сабақтан кейін жұмыстарыммен банкке баруым керек еді. Жұмыс уақытының аяқталуына бір жарым сағат қалғандықтан, Қаскелеңге таксимен баратын болдым. Әрі Асхат Еркімбай ағай берген үй тапсырмасын орындап, бір оқпен екі қоян атайын деген "арам" ой келді.



Жол мұраты - жету. Жол. Такси. (Сурет интернеттен алынды.)

Сөйтіп, асығып аялдамаға келдім. Такси тоқтаттым. Келістім. Отырғаннан кейін айналама қарап әңгімеге арқау болатын деталь іздедім. Айналдырған бес- алты секунд ішінде ашық қоңыр түсті, сувенир- тасбақаға көзім түсті. Содан жүргізушіні әңгімеге тартып, сувенир- тасбақаның неліктен көлікте тұрғанын білмек болдым. Көз тартарлықтай кішкене сувенир - тасбақаны нұсқап, "тасбақаңыз әдемі екен," - дегенім сол еді, жүргізуші әңгімесін бастады. Оның сөздерінен, әңгімесінен әлгі тасбақаның сыйлық екенін аңғару қиын емес еді. Жүргізуші бар ынта- шынтасымен өмірдегі алған ең ерекше, қымбат сыйлығы екенін айтып жатыр. Неге ол үшін қымбат дейсіз ғой? Үйіндегі кішкентай, ерке қарындасы сонау Дубайдан сөмкеге салмай, қолына құшақтап отырып, әкеліп берген базарлығы екен. Қымбат болмағанда қайтсін?!


Жүргізуші ағай арнайы алыстан әкелінген сыйлықтың қарындасы қойған орнында тұратынын айтты. Егер байқаусызда құлап кетсе, "қырсық қыз" ренжиді екен.Тіпті, анда- санда көлік жуу орталықтарына барғанда, "тасбақаны абайлаңыз, құлатып алмаңыз, сынып қалмасын,"- деп айтып жүрем дейді. Қарындасы да сыйлықтың өзі қалаған қалаған орнында тұратынына қуанады екен. Тасбақаны шаңнан өзі тазартып, "менің сыйлығым" деп жиі айтатын көрінеді.Осылайша, таксист ағай ағынан жарылып, оқиғасын айтып болғанша, банкке де жеттім. Алғысымды білдіріп, аялдамадан түсіп қалдым.


Мен осы бір деталь арқылы аға мен қарындас арасындағы сүйіспеншілік пен махаббатты көрдім. Ағасына еркелеп қарап, "қорғаным, қолдаушым" дейтін сенім көрдім. Қазақ отбасында қалыптасқан бауырмалдық пен сыйластықты сезіндім. Қуандым. Және әрбір отбасына осындай ізгі ниеттемін.

среда, 17 февраля 2016 г.

Кіріспе сөз немесе мен блогосфераға қалай келдім?


Суретте мен. Шамамен бір ай бұрын Жаңаөзен қаласындамын. Нағашымның үйінде селфилетіп тұрған шағым.
 


Армысыз, блогәлем. Қалдарыңыз қалай?


Бұл менің алғашқы жазбам. Таныса отырайық. Мен Нұргүл Ерболқызы. Сүлейман Демирель Университеті журналистика кафедрасының 1-курс студентімін. Өмірлік ұстанымым мен мақсатым- адамгершілігі мол адал жан бола алу.


Мен бала кезімнен журналистикаға қызығып өстім, өзімді осы саладан көргім келді. Мүмкін "жұлдыз" болғым келген болар? Қазір себебін түсіндіріп беру, қиын. Ең бастысы, өзім армандаған, жаным қалаған мамандық бойынша білім алып жатырмын.



 Сонымен, блог деген не? Бұрындары блог, жазба, бөлісу, пікір қалдыру деген ұғымдарды жиі еститінмін. Мойындаймын, алғашында аса мән де бермедім. Бірақ, уақыт өте келе қызықтым. Білуге деген құштарлық мені "блог деген не?", "оны кім жүргізеді?", "адамдар не үшін блог жазады?", деген сауалдарға жауап іздеуге итермеледі. Білесіз бе, мен жоғарғы оқу орнына келгенге дейін "блог- әлеуметтік желіде жарияланатын жазба,"- деп ой тұжырымдадым. Кезінде бұл пікір мен үшін дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома болды. 😀🙈 сөйтіп жүріп блог пен постты ажыраттым. Блог жүргізгім келді. Мен үшін блог - өзіңді дамытудың үлкен мүмкіндігі, ал болашақ журналист үшін - тәжірибе деп ойлаймын..


Мен блогосфераға қалай келдім? Университетте өтетін Асxат Еркімбай ағайдың "Жаңа медиаға кіріспе" курсы - менің жаңа мүмкіндіктерім деп білемін. Тек менің ғана емес, жаңа медиа топтағы көпшілігіміздің жаңа жетістікке жетуімізге, жаңа орта қалыптастыруымызға көмектеседі. Былайша айтқанда, жаңа медиа менің интернет әлеміне еніп, блогосфераға келуіме себеп болды. Ал блог - журналистика саласындағы алғашқы баспалдағым болады деп үміттенемін. Блог жүргізу тәжірибе жинақтап, жан-жақты маман болып шығуға өз септігін тигізетіндігі сөзсіз.


 Блог- сенің қойын дәптерің секілді. Ендеше, менің виртуалды күнделігіне қош келдіңіз. Алдағы уақытта қызықты жазбалар жариялап отыруға уәде беремін. Блогосфера ауылының тұрақты тұрғыны боламын деп үміттенемін. Оқырмандарыма менімен бірге болыңыздар деймін. Сәттілік тілеңіздер. Блогдостарыма жалынды сәлем жолдаймын. Жазба күтіңіз. Белсенді болайық.