четверг, 18 февраля 2016 г.

Таксист алған сыйлық.


Армысыз, блогәлем. Қалайсыздар?
Бүгінгі жазбамда таксист алған сыйлық туралы айтқалы отырмын.

Ақпан айының бесі күні сабақтан кейін жұмыстарыммен банкке баруым керек еді. Жұмыс уақытының аяқталуына бір жарым сағат қалғандықтан, Қаскелеңге таксимен баратын болдым. Әрі Асхат Еркімбай ағай берген үй тапсырмасын орындап, бір оқпен екі қоян атайын деген "арам" ой келді.



Жол мұраты - жету. Жол. Такси. (Сурет интернеттен алынды.)

Сөйтіп, асығып аялдамаға келдім. Такси тоқтаттым. Келістім. Отырғаннан кейін айналама қарап әңгімеге арқау болатын деталь іздедім. Айналдырған бес- алты секунд ішінде ашық қоңыр түсті, сувенир- тасбақаға көзім түсті. Содан жүргізушіні әңгімеге тартып, сувенир- тасбақаның неліктен көлікте тұрғанын білмек болдым. Көз тартарлықтай кішкене сувенир - тасбақаны нұсқап, "тасбақаңыз әдемі екен," - дегенім сол еді, жүргізуші әңгімесін бастады. Оның сөздерінен, әңгімесінен әлгі тасбақаның сыйлық екенін аңғару қиын емес еді. Жүргізуші бар ынта- шынтасымен өмірдегі алған ең ерекше, қымбат сыйлығы екенін айтып жатыр. Неге ол үшін қымбат дейсіз ғой? Үйіндегі кішкентай, ерке қарындасы сонау Дубайдан сөмкеге салмай, қолына құшақтап отырып, әкеліп берген базарлығы екен. Қымбат болмағанда қайтсін?!


Жүргізуші ағай арнайы алыстан әкелінген сыйлықтың қарындасы қойған орнында тұратынын айтты. Егер байқаусызда құлап кетсе, "қырсық қыз" ренжиді екен.Тіпті, анда- санда көлік жуу орталықтарына барғанда, "тасбақаны абайлаңыз, құлатып алмаңыз, сынып қалмасын,"- деп айтып жүрем дейді. Қарындасы да сыйлықтың өзі қалаған қалаған орнында тұратынына қуанады екен. Тасбақаны шаңнан өзі тазартып, "менің сыйлығым" деп жиі айтатын көрінеді.Осылайша, таксист ағай ағынан жарылып, оқиғасын айтып болғанша, банкке де жеттім. Алғысымды білдіріп, аялдамадан түсіп қалдым.


Мен осы бір деталь арқылы аға мен қарындас арасындағы сүйіспеншілік пен махаббатты көрдім. Ағасына еркелеп қарап, "қорғаным, қолдаушым" дейтін сенім көрдім. Қазақ отбасында қалыптасқан бауырмалдық пен сыйластықты сезіндім. Қуандым. Және әрбір отбасына осындай ізгі ниеттемін.

2 комментария: